Елорда полицейлері екі есірткі сатушысын ұстады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арнайы операция барысында елодалық полицейлер екі есірткі сатушысын ұстады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорда полицейлері екі есірткі сатушысын ұстады

Бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған 46 және 39 жастағы күдіктілер астана аумағында наша сатуға тырысқан. Барлығы есірткі сатушылардан 4 кг есірткі заттары тәркіленді.

Жеңіс даңғылының бойында полиция «Рено Дастер» автокөлігін тоқтатқан. Оның алдыңғы орындығының астынан өсімдік тектес сұр-жасыл түсті зат оралған үш полиэтилен түйіншегі табылды.

Сонымен қатар 39 жастағы күдіктінің пәтерін тінту кезінде сатуға дайындалған үш наша түйіншегі анықталған. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы – 2 кг 167 гр.

Тәртіп сақшылары 46 жастағы екінші есірткі сатушысының пәтерін де тінтіді. Тінту кезінде күдіктінің үйінен есірткі заттары бар екі полиэтилен пакеті тәркіленді. Сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген нашаның жалпы салмағы – 1 кг 715 гр.

Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 4-бөлімі 296-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі заттарының қайдан алынғаны анықталуда.