Елорда полицейлері мемлекетаралық іздеуде болған екі қылмыскерді ұстады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері мемлекетаралық іздеуде болған екі қылмыскерді қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алаяқтық жасаған бірінші қылмыскерді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті криминалдық басқармасының қызметкерлері ұстады. Нұр-Сұлтан қаласында «Қару» жедел-алдын алу шарасы аясында жүргізілген жедел-іздеу шаралары кезінде полицейлер Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының 33 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Бұл туралы департамент бастығының орынбасары Нұржан Әлібаев мәлім етті.
Оның айтуынша, ұсталған ер адам бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін сотталған. Ол Нұр-Сұлтан қаласының ҚАЖД тергеу оқшаулағышына қамалды.
Сондай-ақ Әлібаев желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылорд стансасында Ақтөбе қаласының бұрын сотталған 29 жастағы тұрғынын қолға түскенін атап өтті. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлімі бойынша мемлекетаралық іздеуде болған. Қылмыскер Қызылорда қаласының теміржол вокзалының маңында ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды.