Елорда полициясы 500 мың доллардың бриллиант сақинасын іздегендерге қатысты түсінік берді
Астана қалалық полиция департаментіне елордадағы сауда орталықтарының бірінде құны 500 мың доллар тұратын бриллиант сақинаны жоғалту фактісі туралы арыз түскен жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тоқтала кетсек, әлеуметтік желілерде қымбат зергерлік бұйымды іздеп жатқан адамдардың іс-әрекеті таспаланған видео жарияланды. Онда баяндалғандай, қызметкерлер «Хан-Шатыр» сауда орталығындағы жасанды жағажайдың құмын сүзгіден өткізіп, сақинаны іздеген.
«Ойын-сауық және сауда орталығында құны 500 мың доллар тұратын сақинаны жоғалту фактісі бойынша полицияға арыз түскен жоқ. Ақпарат шындыққа жанаспайды», - делінген Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жауабында.
ҚазАқпарат редакциясы аталған бейнематериалда баяндалған жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында сауда орталығының әкімшілігіне ресми хат жолдады.