Елорда полициясы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді
АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының Ішкі істер департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні аясында жеке құрам мен ІІД ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың және ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Танабергеновтың атынан мерекелік құттықтаулар оқылды. Елорда полициясының басшысы, генерал-майор А. Әубәкіров жеке құрамды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, Қазақстан полициясының қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Полиция қызметкерлерінің өздеріне сеніп тапсырылған істі адал атқарып, қылмыспен күресте, қоғамдық тәртіпті сақтауда, сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қоғауда туған халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанын атап көрсетті.
Астана қаласының ресми сайты аталған ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, департаменттің 1 874 қызметкері түрлі дәрежеде марапатталды. Салтанатты жиналыстан кейін Астана қаласы ІІД күзет полициясы полкінің хор ұжымының қатысуымен мерекелік концерт қойылды.