Елорда Жеңіс күнін тойлап жатыр
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орайластырылған мерекелік шаралар «Қазақ елі» монументі алаңынан басталып Тәуелсіздік даңғылы арқылы «Отан қорғаушылар» монументіне баратын азаматтық шеруге ұласты. «Отан қорғаушылар» монументінің жанында шатырлы қалашық орнатылып, дәстүрлі ботқа дайындалуда. Осы жерде сахнада үрмелі оркестр мен ән және би ансамбльдерінің концерті болады. Осындай мерекелік концерттер ескі қалалық алаңда, Жастар сарайының жанындағы жазғы алаңда, «Бәйтерек» монументінің алдында және елордалық саябақта өтеді.
Күндіз сағат 16.00-да қалалық әкімдіктің алдындағы алаңда бүгінгі мейрамға арналған Патриоттық әндер фестивалі өтеді. Оған кәсіпқой және көркемөнерпаз ұжымдары, күш-қуат және қорғаныс ведомстволарының үрмелі аспаптар оркестрі қатысады. Бұл шараны ұйымдастырушы -Астана әкімдігінің ақпараты бойынша, фестиваль бағдарламасында соғыс жылдарының ғана емес, одан кейінгі жылдары да шыққан жауынгерлік әндер шырқалады.
Сағат 17.00-де Конгресс-холда елордалықтар мен қала қонақтарын тосын сыйлық күтеді. Онда КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің Жеңіс күніне арналған жеке концерті өтеді.
Ал кешкі сағат 22.00-де Есіл жағалауында мерекелік отшашу болады.