Елорда жұртшылығы «Көңіл сазы» атты күй кешін тамашалады

«Қазақстан» орталық концерт залының камералық залына жиналған жұртшылық музыкалық туындыларды тыңдаумен қатар қазақ күйінің шығу тарихы, домбыраның қағыстары мен бұраулары туралы мол мағлұмат алды.
Кештің шымылдығы ашылған соң, сахнаға көтерілген Нұрлан Бекенов халық күйі «Сал күреңді», Сүгірдің «Шалқымасын», Құрманғазының «Төремұратын», Дәулеткерейдің «Ақбала қыз» күйлерін орындап берді.
Бұдан кейін ол көрермендер назарын домбыраның бес түрлі бұрауына аударды. Өнер сүйер қауым Тәттімбеттің «Бес төре» күйін теріс бұрауда, Асанқайғының «Желмаясын» шалыс бұрауда, халық күйі «Қос келіншекті» тел бұрауда тамашалап, қошемет білдірді. Н.Бекенов өзінің «Сағыныш» күйін қалыс бұрауда тартып берді.
Осы кешке шақырылған қонақтар арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев өнер жолындағы інісіне табыс тілеп, «Ақтоғайым» атты әнмен шашу шашты. Күйші, музыка зерттеушісі Уәли Бекеновтің «Жеңгем сүйер» күйін осы Уәлидің немересі Серік Бекенов орындап берді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова мен «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова өнер көрсетті. Данияр Мұқан, Күнсұлу Түрікпен, Асқар Мұқият ән шырқады.
Сондай-ақ автордың «Құлтуманың толғауы», «Талпыныс», «Ақын арманы», «Көңіл сазы», «Орақты батыр», «Алтай сазы» күйлері орындалды. Н.Бекеновтің шығарған әндері де аз емес. Соның бірі ақын Нұрлан Қалқаның өлеңіне жазылған «Туған жер» әнін талантты әнші Әйгерім Аманжолова шырқап, қошеметке бөленді.
Жанар Қасымова жетекшілік ететін «Бойтұмар» қобызшылар квинтеті, Қарлыға Ниханбаева жетекшілігімен «Жас өрен» балалар ансамблі және «Ақжанбек-Арыс» домбырашылар ансамблі өз шеберліктерін танытып, күй кешінің көркін аша түсті.
Кеш соңында сөз алған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор, профессор Айтқали Жайымов: «Нұрланның үлкен оркестрге арнап жазған күрделі әрі көлемді шығармалары бар. Туындылары республикалық байқауларда жүлдеге ие болды. Жастарға қамқорлық жасап жүр. Өзінің балаларын да өнер мен білімге баулып келеді. Біз соған қуанамыз. Өнер жолындағы шәкіртімізге үлкен табыстар тілейміз!» - деді.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Орынбай Дүйсен: «Нұрлан 1998 жылы Елордадағы Қазақ ұлттық музыка академиясына шәкірт болып келсе, енді, міне, белгілі өнер иесі болып отыр. Мақтан тұтатын шәкірттерімнің бірі. Кәсіби музыка шебері болып қалыптасқанына қуанамын», - деді.
Келесі кезекте филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қамзабекұлы: «Өнер, музыка табиғатпен тікелей байланысты ғой. Нұрлан кім десек, жылдың төрт мезгілінде жақсы күндер қандай болса, Нұрлан сондай. Барша жанға жарқын көңіл-күй сыйлап жүреді. Екінші қыры – соншалықты ұлтшыл. Туа біткен қасиеті ме, әлде мектептегі және кейінгі ұстаздары солай тәрбиелеген бе, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қояды. Күй шығару үшін тарихты терең білу керек. Нұрлан өзі зерттеп жүрген тақырыптарға деген ізденісі мол. Қай ғалым қандай саланы зерттеп жүрсе, содан көбірек мағлұмат алуға тырысады. Соның бәрі жинақталып, сұрыптала келе, ішкі толқынысынан барып күй шығады екен. Осы қырына бүгін көзіміз жетті, көңіліміз толды. Рамазан айындағы концерті бізге кәусар суындай болды. Алар асулары биік болсын!», - деп тілегін айтты.
Шығармашылық кештен алған әсерімен бөліскен азаматтар көп болды. Қоғам қайраткері, саясаткер Серік Әбдірахманов: «Бүгінгі күй кеші халқымыздың рухани биіктігін көрсетті. Осындай жоғары деңгейдегі ән-күйді тыңдап, жігерленесің, толқисың, көңіл түбінде дауыл тұрады. Бойыңа рухани күш бітеді. Нұрлан секілді дарынды азаматтардың өнері көбірек насихатталуы керек. Күнкөріс қамымен кеткен халықты рухтандыру қажет. Осындай өнер кеші жиі болғаны дұрыс», - деп өз пікірін білдірді.
Ал ақын Нұрлан Қалқа: «Нұрлан Бекеновтің концерті жоғары деңгейде өтті. Оның өз-өзін ұдайы жетілдіріп отыратынына көз жеткіздік. Шығармашыл жанға керегі – осы. Бұл ізденісі оны өнер биігіне көтерері анық. Екінші бір қыры – жас өнерпаздарға қамқорлығы. Кеш барысында оқушылар да өз өнерлерін көрсетті. Үшінші қыры – ұстаздарына деген ілтипатын, ерекше құрметін олардың шығармаларын орындауынан байқадық. Міне, бұл қасиеттер өнер иесін рухани байытады, жолын ашып, жаңа деңгейге алып шығады деп сенемін», - деп ой түйгенін жеткізді.
Өнер иесі Нұрлан Бекенов қазақтың күй өнерін сыйлап келген барша көрерменге алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордада күйші-композитор Нұрлан Бекеновтің «Көңіл сазы» шығармашылық кеші өтетінінжазған болатынбыз.