Елордада 14 мың адам апатты үйде тұрып жатыр – Астана әкімі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада апатты тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары 2028 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

Жеңіс Қасымбек
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Реновация бойынша үлкен жоспар бар. Қалада көптеген ескі және апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер бар. Қазір апатты тұрғын үйде тұратын 14 мыңға жуық пәтер иелері бар. Апатты тұрғын үйлерді бұзу және жаңа баспана беру мәселесін 2028-2029 жылға дейін толығымен шешуіміз керек. Егер бұрын 250-ге жуық тұрғын үйді сүріп, жаңа пәтерлер берсек, биыл апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің орнына 700 пәтер береміз. Келесі жылы бұл көрсеткішті 1000 пәтерге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек қаланың бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуі барысында.

Әкімнің сөзінше, апатты тұрғын үйлердің саны ресми деректен әлдеқайда көп және оларды бұзу жұмыстары 2028 жылға дейін аяқталуы тиіс.

«Одан бөлек, ескі тұрғын үйлер де жеткілікті. Сонымен қатар, тұрғын үй емес, гараждар, саяжайлар сияқты үй-жайлар бар. Тіпті қала орталығында Б. Момышұлының бойында Мыңжылдық аллеясына қарай, Хан Шатырдың артында бұзуға жататын тағы бірнеше үй бар», - деп толықтырды Астана әкімі.

Бұған дейін Жеңіс Қасымбек елордада тұрғын үй салуды уақытша шектеуге қатысты түсінік берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар