Елордада 150-ден аса кәсіби дезинфектор масамен күреске кірісті
АСТАНА.KAZINFORM — Астанада дезинсекциялық жұмыстың екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астанада маса, шіркей және басқа да жәндіктердің санын азайтуға бағытталған толыққанды дезинсекциялық шаралар жүріп жатыр. Әкімдіктің мәліметінше, бұл жұмыс екі ауысымда жүзеге асырылып жатыр.
Елордада 19 мамырдан бастап өңдеу жұмысының екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде мына шаралар жүргізіледі:
• таяз су қоймалары мен батпақтанған учаскелерді өңдеу;
• айналма жол бойындағы аумақтарды дезинсекциялау;
• жәндіктердің көбею ошақтарын анықтап, оларды өңдеу.
Бұл жұмысқа арнайы оқытудан және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өткен 150-ден астам кәсіби дезинфектор жұмылдырылды.
— Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, өтінеміз, жүргізіліп жатқан шараларды түсіністікпен қабылдап, өңдеу аймақтарына жақындағанда сақтық шараларын сақтаңыздар, — делінген хабарламада.
Осыған дейін ғалым Павлодардың кейбір ауылдарында шыбын-шіркейдің не себепті қаптап кеткенін түсіндірді.