Елордада 21 нысанның құрылысы жобалау-сметалық құжаттамасыз басталған - Есеп комитетінің төрағасы
Бұл 2008 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы тексерістер барысында есеп комитеті арқылы анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Есеп комитеті төрағасының айтуынша, былтырғы жылы көп жағдайда нысандар құрылысына байланысты жан-жақты тексеру жүргізілместен, сондай-ақ шынайы негіздемелері, қажетті қорытындылар мен сараптаманың нәтижелері жоқтығына қарамастан бюджет қаражаты жұмсалып келген. «Мәселен, тек Астана қаласының өзінде 21 нысанның құрылысы жобалау-сметалық құжаттамасыз басталған. Бұлардың жалпы құны 100 млрд. теңгеден асып жығылады. Сонымен бірге Республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландырылатын су құбырлары мен кәріз құрылыстарын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттар да сапасыз әзірленген. Осының салдарынан туындаған инфляцияға байланысты жобаның құны 4,2 млрд. теңгеге түзетілген», деді О. Өксікбаев.