Елордада 210 мыңнан астам оқушы лагерьге барады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 210 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс кезінде лагеріне барады. Бұл туралы Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты.

- Жазғы демалыс кезеңінде Астана қаласы бойынша 1-10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр, - деді ол.
Оның дерегінше, білім беру ұйымдарының жанынан төмендегідей лагерьлер ұйымдастырылады:
• 92 мектеп жанындағы лагерь – 55 200 оқушы;
• 192 бейінді лагерь – 11 520 оқушы;
• 10 тақырыптық жоба – 142 298 оқушы;
• 1 қала сыртындағы лагерь – 1 400 бала.
- Қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала жіберіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. 2025 жылғы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» балалар спорттық-сауықтыру орталығының ашылуы жоспарланған. Жобалық қуаттылығы – бір ауысымда 200 бала, жазғы маусымда жалпы 1 400 бала демалады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар елордадағы 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер жұмыс істейтін болады, - деді Қасымхан Сенғазыев.
Сонымен қатар ол балалардың демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігі – басты назарда болатынын баса айтты.
- Осыған орай білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп, Полиция, Төтенше жағдайлар, Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің қатысуымен нұсқамалар, семинарлар және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір ұйымға қауіпсіздік техникасы туралы жадынамалар таратылды, - деді басқарма басшысы.
Бұған дейін еліміздің орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығы толық жойылғанын жазған едік.