Елордада 444 оқушы «Алтын белгіге» үміткер
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 444 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты.

- Биыл елорда мектептерінде 288 531 оқушы білім алды. Оның ішінде 11-сыныпты — 14 274 түлек, ал 9-сыныпты 24 479 оқушы аяқтайды. 444 оқушы – «Алтын белгіге», 1 087 оқушы – үздік аттестатқа үміткер. Оқу жылы 2025 жылдың 23 мамырында аяқталады. Жыл қорытындысы ретінде елорданың барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Аталған іс-шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделіп, оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталады, - деді ол.
Оның айтуынша, сынып сағаттары аясында оқушылар «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» бағыттарында эссе жазады. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезеңінде оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі беріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалысты алдын ала жоспарлау, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың маңызы мен еңбек дағдыларын қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
- 11-сынып түлектері үшін оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шара 2025 жылғы 24 мамыр күні сағат 10:00-де өтеді, деді Қасымхан Сенғазыев.
Бұған дейін еліміздің орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығы толық жойылғанын жазған едік.