Елордада әдебиет пен баспа ісінің үздіктері марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Президенттік орталықта ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық кітап» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

— Мемлекет басшысы әрдайым қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән береді. 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын ұсынған еді. Аталған тұжырымдама негізінде былтырдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді, — деді Арман Қырықбаев.
Сондай-ақ, Президент көмекшісі алдағы екі аптада Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы жарлыққа қол қоятынын жеткізді. Іс-шараға Парламент депутаттары, белгілі ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ кітапхана басшылары қатысты.

«Ұлттық кітап» республикалық байқауы отандық авторларды қолдауға, баспа ісін дамытуға және қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына бағытталған.
— Биыл байқауға 32 баспадан 155 өтінім түсті. Қатысушылар соңғы екі жылда жарық көрген шығармаларын ұсынды. Жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша анықталды. Сонымен қатар «Жыл кітабы» аталымы бойынша жеңімпаз есімі белгілі болды. Бұл марапат Абай Құнанбайұлының қара сөздері негізінде жазылған «Ұрпаққа ұлағат» кітабы үшін Гүлмира Амандықоваға табысталды, — делінген ведомствоның хабарламасында.

Барлық жеңімпазға ақшалай сыйлықтар берілді. Салтанатты рәсім аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген кітапханашылар мен баспа саласының өкілдері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінде Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында кітапхана мамандарының еңбегін бағалау, кітап оқуды насихаттау және мамандық мәртебесін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.