Ұлттық кітап күні Астанада еліміздің үздік кітапханашылары марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінде Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында кітапхана мамандарының еңбегін бағалау, кітап оқуды насихаттау және мамандық мәртебесін арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. 

Ұлттық кітап күні Астанада еліміздің үздік кітапханашылары марапатталды
Фото: оқу-ағарту министрлігі

— Салтанатты рәсім барысында білім беру жүйесін дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және оқу мәдениетін ілгерілетуге елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды. Министрліктің бұйрығына сәйкес 2 қызметкер «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды, тағы 28 маман Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғысына ие болды, — делінген хабарламада.

Ұлттық кітап күні Астанада еліміздің үздік кітапханашылары марапатталды
Фото: оқу-ағарту министрлігі

Іс-шара аясында жас оқырмандардың, орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кеш барысында музыкалық нөмірлер, Абай Құнанбайұлының шығармалары және қазақ өнерінің алтын қорына енген туындылар орындалды.

Ұлттық кітап күні Астанада еліміздің үздік кітапханашылары марапатталды
Фото: оқу-ағарту министрлігі

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлттық кітап күнімен құттықтады.

Ал Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар