Елордада Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 650 тоннадан астам өнім ұсынды. Жәрмеңке сөрелерінде ет, сүт өнімдері, балық, ұлттық тәтті-дәмділер және басқа да тауарлар бар, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңке таңғы 9-да ашылды. Осы уақытқа дейін-ақ мұнда сатып алушылар көп жиналған.
– Біз Қызылорда облысынанбыз, жерлестеріміз келгенін естіп, арнайы жетіп, күріш пен қауын алдық. Қызылорда – күріштің отаны, мұнда қауын мен асқабақ та өте дәмді. Сол себепті барлығын сатып алып, үйде дәм татуды жөн көрдік. Биыл күріш бағасы өткен жылға қарағанда арзандау екен, бұл бізді қуантты, - дейді Жанат есімді қала тұрғыны.
Жәрмеңке күні елордалықтар Ақтөбе облысының шұжық өнімдерін де татып көріп, сатып алды. Олар ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие.
– Біздің шаруашылықта шұжық цехы бар. Өнімдеріміз жылқы еті мен сиыр етінен жасалады. Шұжық, қақталған қазы мен жая, пісірілген шұжық және шикі өнімдер – жылқы етінен дайындалған деликатестерді ұсынамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге біз 1 500 тонна өнім әкелдік, - дейді Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы шаруашылық иесі Салима Үсебаева.
Айта кетейік, өңірлердің жәрмеңкелері елордада жыл сайын қазан айына дейін әр сенбі-жексенбі күндері өткізіледі. Биылғы жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) өтіп жатыр. Сондай-ақ тұрғындар мен қала қонақтарының ыңғайлығы үшін жәрмеңке орнына №18, №37 және №303 автобустар қатынайды.