Елордада «ақылды» шлагбаумдар пайда болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада шлагбаумдар автоматтандырыла бастады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада «ақылды» шлагбаумдар пайда болады

«Біздің басқарма пилоттық жоба ретінде шлагбаумдарға «ақылды» құрылғыларды орната бастады. Бұл ретте біз шлагбаумның өзін ауыстырғалы жатқан жоқпыз. Тек шлагбаумның өзіне құрылғы бекітеміз. Шлагбаумның үстіне орнатылған камера санаулы секундтың ішінде – жедел жәрдем, өрт сөндіру немесе төтенше жағдай қызметінің көліктерін танитын болады», - деді Ботагөз Қасабек онлайн брифинг барысында.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, көліктің нөмірін оқығаннан кейін құрылғы автоматты түрде сигнал беріп, шлагбаум өздігінен ашылады.

«Яғни бұл интеллектуалды жүйе. Шлагбаумның өзін ауыстырмайтынымызды тағы да ескерте кетейін», - деді Ботагөз Қасабек.