Елордадағы АОК құрлықтық спортшылар форумы аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің бас қаласында өткен Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) VI Құрлықтық спортшылар форумы аяқталды. Іс-шара Olympic Solidarity бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Форумның екінші күнінде қатысушылар спорттағы әділдік пен қауіпсіздік тақырыптарына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Жарыс нәтижелерін манипуляциялаудың алдын алу жөніндегі сессияны АОК Спортшылар комиссиясы төрағасының орынбасары Шива Кешаван, АОК-нің Спортшылармен жұмыс департаментінің менеджері Джамьянг Намгьял және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спорт департаментінің жетекші менеджері Айым Жетібаева жүргізді.
Форумның келесі бөлімі антидопинг мәселесіне арналды. АОК Антидопинг департаменті мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) өкілдері тыйым салынған препараттарды қолдануды бақылау саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Атап айтқанда, Ombuds Anti-Doping бағдарламасы таныстырылды. Содан кейін қатысушылар топтық талқылау өткізді.

– Екі күн ішінде түрлі тақырыптағы кездесулерге қатыстық. Олар ресми дәрістен гөрі еркін форматта өтті. Спортшыларға маңызды көптеген мәселелер жайлы тыңдадық. Мысалы, спорттағы қауіпсіздік талаптары мен спортшыларға берілетін мүмкіндіктер туралы толығырақ мәлімет алдық. Антидопинг тақырыбына да терең тоқталдық. Тәжірибесімен бөліскен спортшылардың әңгімелері ерекше әсер қалдырып, көкжиегімізді кеңейтті. Барлық сессия пайдалы болды. Енді алған білімімізді дұрыс мақсатта қолдану ғана қалды, - деді Гонконг ҰОК Спортшылар комиссиясының өкілі Энджел Хиу Ин Вонг.
Форумның екінші күні Азияда қауіпсіз спорт ортасын қалыптастыру мәселесіне арнайы назар аударылды. АОК сарапшылары мен спортшыларды қорғау жөніндегі Азия желісінің өкілдері Сабина Факхури, Хера Лиу, Сяйрах Латиф және Роуз Лантиксе зорлық-зомбылықтың алдын алу тәсілдерін таныстырып, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Спортшылар комиссиясының қауіпсіз орта қалыптастыруда атқаратын рөлін атап өтті.

– Бүгін Астанада өткен екі күндік АОК Құрлықтық спортшылар форумы өз мәресіне жетті. Шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстан ҰОК форумды жоғары деңгейде өткізу үшін барлық жағдайды жасады.
Азия спортшылары екі күн бойы пікір алмасып, білімін ортаға салып, топпен жұмыс істеді. Талқыланған тақырыптар өте маңызды әрі қатысушылар үшін де пайдалы. Осы тұста өз сессияларын жоғары деңгейде жүргізген спикерлерді ерекше атап өткім келеді.
Форумның нәтижесіне көңіліміз толды. Шараны ұйымдастыруға үлес қосқандарға қонақжайлығы үшін, спортшыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамыз, - деп түйіндеді Olympic Solidarity бағдарламасы директорының орынбасары Оливье Ньямки.

Айта кетейік, екі күндік шараға Азияның 42 Ұлттық Олимпиадалық комитетінен, Халықаралық Олимпиадалық комитеттен және АОК басшылығынан 120-дан астам делегат қатысты.
– Құрлықтық форумның Астанада өтуі – Қазақстан үшін де, бүкіл Азия спорт қауымдастығы үшін де маңызды шара. Халықаралық серіктестердің сенімін жоғары бағалаймыз және тәжірибе мен білім алмасуға мүмкіндік берген ортаның Астанада қалыптасқанына қуаныштымыз. Бұл Азиядағы Олимпиадалық қозғалыстың дамуына және нығаюына септігін тигізеді, - деді Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин.


Сондай-ақ форум аясында «Аичи-Нагоя 2026» Азия ойындарын насихаттауға арналған Fun Run символдық жүгіру шарасы ұйымдастырылды.
Бұған дейін Астанада АОК құрлықтық спортшылар форумы басталғанын жазған едік.