Елордада әрбір бесінші жол апаты жаяу жүргіншінің кінәсінен болады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Астанада жол ережесін сақтамаудың 94 044 фактісі анықталып, азаматтарға 729 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілердің тәртіпсіздігі. Сонымен қатар әрбір бесінші оқиға немесе құқық бұзушылықтардың 30 пайызы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болып отыр. Биыл І тоқсанда 94 044 құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 729 млн 438 мың 497 теңгеге айыппұл салынды. Оның ішінде 479 млн 654 мың 011 теңгеге өтелді. Атап айтқанда, 4 284 жаяу жүргіншіге, 456 мас жүргізушіге, 452 басқару құқығынан айырылған азаматқа айыппұл салынды», - деп мәлім етті Астана қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тоғжұманов БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде.

Сонымен бірге ол жыл басынан бері елорда аумағында 110 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапқанын айтты. Бұған қоса, 123 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Еске сала кетейік, таяуда Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жыл сайын 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 мыңнан астам адам қаза табатынын мәлімдеп еді.


Соңғы жаңалықтар