Елордада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында 11 заң бұзушылық анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Астанада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында 11 заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл департамент 36 бақылау іс-шарасын жүргізген. Оның ішінде 24 тексеру Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркелсе, 12-сі прокуратура органдарының тапсырмасы бойынша өткізілген.
Тексеру нәтижесінде барлығы 78 заң бұзушылық тіркелген.
— Оның 64-і мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарының сақталмауына қатысты. Үш заң бұзушылық әлеуметтік қызметтер порталы бойынша анықталды. Ал 11 заң бұзушылық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында тіркелді, — деді Асқар Аймағамбетов.
Департамент басшысының мәліметінше, заң бұзушылықтарды жою жөнінде 14 нұсқама берілген.
— Бір лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жалпы сомасы 5 млн 119 мың теңгеге 16 әкімшілік айыппұл салынды, — деді ол.
Асқар Аймағамбетов биыл 28 мамырда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы тәуекелдерді бағалау өлшемдері мен тексеру парақтарына өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
— Бұған дейін тексеру парақтарында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензияның болуы туралы талап болмаған. Енді енгізілген өзгерістер лицензиясыз қызмет көрсетудің алдын алуға, ұйымдардың жұмысын біліктілік талаптарына сәйкестендіруге және мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ лицензиялау талаптары сақталмаған жағдайда әкімшілік шара қолдануға құқықтық негіз қалыптасты, — деді департамент басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 18 ұйым лицензия алғанын жазған едік.