Елордада арнайы техниканы басқарудың бірыңғай цифрлық экожүйесі енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — «Астана Тазалық» мекемесі «KazTraffic-2025» көрмесінде қалалық санитарлық қызметтің цифрлық жаңалықтарын таныстырып, елорданың қысқы маусымға дайындық барысын жария етті.
Астанада ҚР Көлік министрлігінің қолдауымен 19-21 қараша аралығында XXI халықаралық «KazTraffic-2025» көрмесі өтіп жатыр. Бұл шара — жол құрылысы, инфрақұрылым және заманауи технологияларды енгізу саласындағы ең ірі әрі беделді салалық алаңдардың бірі. Биыл көрмеге Қазақстан, Қытай, Түркия, Италия, Франция, Канада, Өзбекстан және өзге де елдерден 300-ден астам компания қатысып жатқаны анықталды.
Көрме аясында «Астана Тазалық» ЖШС қалалық санитарлық қызметтің цифрлық трансформациясын жан-жақты таныстырды.
— Кәсіпорын ұсынған мониторинг жүйесі GPS-бақылауды, жанармай шығынын, цифрлық жол парақтарын және маршруттарды талдау құралдарын бір екожүйеге біріктіреді. Бұл шешім қазіргі уақытта қаланың 440 арнайы техникасына енгізіліп, есептілікті автоматтандыру, ЖЖМ шығысының ашықтығы және тиімді маршруттық жоспарлау бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп отыр, — делінген хабарламада.

Электрондық жол парағымен бірге техниканың техникалық жағдайын онлайн бақылау, қызметкерлердің күнделікті медициналық тексерістен өтуін қадағалау, құжат айналымын оңтайландыру мүмкіндігі туды. Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін «Med365» және «Адал Чек» онлайн-медтексеру жүйелері қолданылып келеді, бұл желілік жұмыстардағы тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді.
Көрмеде алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған экологиялық Tazalike оқыту ойыны да көрсетілді. Ойын қаланың санитарлық жүйесінің жұмысын түсіндіруге, қоқысты дұрыс сұрыптауды үйретуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жастарды экологиялық бастамаларға тартуға бағытталған заманауи интерактив құрал ретінде ұсынылды.

«KazTraffic-2025» көрмесіне қатысу — «Астана Тазалық» кәсіпорнының қаланың санитарлық-экологиялық стандарттарын жаңа деңгейге көтеру, инновациялық технологияларды енгізу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін нығайту жолындағы тұрақты ұстанымын айқын көрсетеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Астананың қауіпсіз, жайлы және заманауи мегаполис ретінде дамуына үлес қосады.
Бұдан бұрын 300-ден аса компания Астанада жол саласының инновацияларын таныстыратынын жазған едік.