Елордада 6 елден келген 60 шабандоз конкурдан сынға түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанада ат спорты түрлерінен халықаралық бәсекелер басталды. Спортшылар конкурдан Еуразиялық лига Кубогының кезеңі және атпен мәнерлеп жүру сайысынан халықаралық турнирде бақ сынап жатыр. «Арғымақ» ат спорты кешенінде өтіп жатқан жарысқа 6 елден келген шабандоздар қатысады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Елордада ат спорты түрлерінен халықаралық жарыс өтіп жатыр
Фото: Қуаныш Жарлықас

– Бұл жарыс халықаралық деңгейде жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Бірақ дәл осы бәсеке бізде әртүрлі жағдайларға сәйкес біраз жыл бойы өтпеген. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, Әзірбайжан мемлекеттері үнемі өткізіп тұрады. Біз де осы қатардан қалмай, өз деңгейімізді көтеріп жатырмыз. Қазір Астанада өтіп жатқан сайыс үлкен екпін береді деп ойлаймыз, - дейді ҚР ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Халықаралық додаға Армения, Грузия, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінің 60-тан астам спортшылары қатысып, күш, дәлдік, үйлесім және жылдамдықты талап ететін жарыс түрлерінен өз шеберліктерін көрсетуде. Алғашқы жарыс күні шабандоздар 125–140 см кедергілерден өту және мәнерлеп жүру сайыстарынан өзара сынға түсті.

конкур
Фото: zharlykas.wfolio.pro

Жарыс нәтижесі бойынша конкурдан 125 см кедергілерден өту бәсекесінде қырғызстандық Андрей Тряпицин үздік атанды. 2-орын өзбекстандық шабандоз Хуршидбек Алимджановқа бұйырды. Ал қазақстандық Дайана Онаева 3-орынды қанжығасына байлады. Ал дәл осы биіктікте өткен Maxima Masters Eurasia шағын кубогында Қазақстан спортшысы Бекжан Байжанұлы 1-орын иеленді. Алғашқы бәсекеде 1-орын алған Андрей Тряпицин бұл жолы 2-орынға жайғасты. Ал Өзбекстаннан келген Хуршидбек Алимджанов жарысты үшінші болып аяқтады.

– Бұл жарыс алда болатын әлем чемпионатына іріктеу. Мен Champion League лақапымен танымал атпен додаға қатысамын. Жарыс өте қызықты өтуде. Дайындық өте жоғары. Астана қаласына алғаш келуім. Мұнда шабандоз үшін де, ат үшін де өте жақсы жағдай жасалған, - дейді өзбекстандық шабандоз Хуршидбек Алимджанов.

турнир
Фото: Қуаныш Жарлықас

Хуршидбек Алимджанов Еуразия лигасы Әлем кубогында 140 см кедергіден өту бәсекесінде де жүлделі болды. Ол бұл жолы үздік нәтиже көрсетті. Екінші және үшінші орынды Хуршидбек Алимджановтың жерлестері Акбар Шарипов пен Бекзод Курбанов өзара бөлісіп алды. Өзбекстаннан келген команданың құрамында Өзбекстан ат спорты федерациясының президенті Бахромджон Газиев те бар.

Астана
Фото: Қуаныш Жарлықас
Астана
Фото: Қуаныш Жарлықас

Ал Қазақстан құрамасының спортшылары бұл жарысқа жоғары дайындықпен келгендерін айтады. Жарыс қатысушыларының ішінде биыл Қырғызстан мен Өзбекстанда өткен Әлем кубогының кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болған Ксения Баталова, Нүрила Тұрысбекова, Даяна Онаева және Олег Соколенко бар. Ал мәнерлеп жүруден жақында ғана Қырғызстанда өткен халықаралық турнирде командалық есепте күміс жүлдені жеңіп алған Дарья Попова, Карина Жарылғапова мен Роза Дәуренбектер бақ сынайды.

– Ат спорты түрлерінен Қазақстан құрамасының дайындығы жақсы. Бұған дейін қатысушыларымыз 2 апта жаттығу жиынын өткізді. Спортшылардың деңгейі жақсы. Осы жарыстан да жүлделі боламыз деп үміттеніп отырмыз, - дейді ат спортынан ҚР құрама командасының бас бапкері Әсет Толқынбеков.

Астана
Фото: Қуаныш Жарлықас
Астана
Фото: Қуаныш Жарлықас
конкур
Фото: Қуаныш Жарлықас

Айта кетейік, елімізде өтіп жатқан халықаралық жарыстардың жалпы жүлде қоры – 24 000 АҚШ доллары.

Естеріңізде болса, ат спортынан қазақстандық спортшылар Ташкентте өткен ірі турнирлерде сәтті өнер көрсеткен еді.

Соңғы жаңалықтар