Елордада автобус жүргізушілерінің әрекетін камера арқылы бақылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қоғамдық көлік жүргізушілерінің әрекетін бақылау үшін бейнебақылау камералары орнатыла бастады. 

Елордада автобус жүргізушілерінің әрекетін камера арқылы бақылайды
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Қоғамдық көліктер жүргізушісінің әрекетін бақылауға арналған бейнебақылау камералары орнатылды. Енді барлық автобусты қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл жүргізушінің телефонға алаңдамауын бақылау үшін қажет, — деді Астана қаласы Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы жол-көлік және техникалық инспекция бөлімінің аға инспекторы Мақсат Имашов елордадағы кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен іс-шара барысында.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері күнделікті патрульдеу кезінде қоғамдық көліктердегі бейнебақылау камераларының жағдайын тексеріп тұрады.

— Одан бөлек, автобус жолға шығар алдында қоғамдық көліктің техникалық жағдайы тексеріліп, бейнебақылау камерасының да жұмыс істеп тұрғаны қаралады, — дейді ол.

Айта кетсек, елімізде қоғамдық көлік иелері автобус ішіне камера орнатуға міндеттеледі

Еске сала кетсек, биыл 2 маусымда елордада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 15 адам зардап шекті. Сондай-ақ апат салдарынан жеткіншек қыз қос аяғынан айырылды. Жол апатына айыпты деп танылған жүргізуші қамауға алынды

Соңғы жаңалықтар