Елордада автокөлік иелері LRT құрылысшыларына шағымданып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада LRT нысандарын сырлау жұмыстары басталып, бұдан көліктерге зиян келген. 

 автобус, жол, көлік
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Әлеуметтік желіде LRT құрылысшылары автокөлігіне бояу шашыратқаны туралы шағымданған елорда тұрғынының видеосы тарады. Автордың айтуынша, ол 16 мамырда көлігін әуежайдың қызметтік паркингінде қалдырған.

— Көлікке бояу шашыраған, жұрттар LRT-ны бояды деп жатыр, содан машинаға шашыраған, — дейді ер адам.

Сондай-ақ видео авторы оқиға орнына полиция шақырғанын айтады.

Істің мән-жайын сұрап LRT құрылысына жауапты City Transportation Systems (CTS) компаниясының баспасөз қызметіне жүгінген едік. Бізге берілген мәліметке сәйкес, сырлау жұмыстарының жүргізілетіні туралы ескерту тақтайшасы ілінген. Бірақ хабарландыру мәтінінде қате кеткендіктен, тақтайша алынып тасталған. Кейін орнына қайта қойылмаған.

— 1 мамырдан бастап Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінде эстакада тіректері мен арқалықтарын сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сырлау үшін заманауи әрі функционалды ашық сұр RAL 7047 (Telegrey 4) түсі таңдалды. Бұл реңк эстетикалық жағынан тартымды және практикалық қасиетке ие, ол ластануға, шаң мен ауа райы жағдайына төзімді. Арнайы лак, яғни бояу құрамы құрылымдарды ультракүлгін сәулеленуден, ылғалдан, температура ауытқуларынан және механикалық әсерлерден сенімді қорғайды. Сонымен қатар, бұл жабын экологиялық қауіпсіз және заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді, — деп түсіндірді компаниядан.

LRT құрылысын сырлау жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілмек.

Айта кетсек, елордадағы LRT рельсінің 25 пайызы төселді. Биыл күзде тестілік режимде іске қосылады

Еске салайық, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-де жол жүру бағасы қанша болатынын айтты

Соңғы жаңалықтар