Елордада «Автоледи-2015» байқауы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаменті «Автоледи» атты ерекше байқау өткізді. Онда нәзік жандылар өзара додаға түсіп, түрлі сынақтан өтті, деп хабарлайды 24.kz.

Елордада «Автоледи-2015» байқауы өтті

Кешегі атқа мінген Қыз Жібек пен Ақжүністер бүгінде темір тұлпар тізгіндеген. Қазақстандағы әрбір бесінші жүргізуші бұрымдылар өкілі болып шықты. Көлік жүргізуші қыз-келіншектердің біліктілігіне ерлер қауымы күмәнмен қарайытыны жасырын емес. Бүгін қатқан қағиданы бұзуға бел буған астаналық арулар өзара сайысқа түсті. О баста «Автоледи» додасына қатысуға 20 өтініш түскен. Түрлі себеппен тек алтауы ғана келген. Конкурс үш кезеңмен өтті.

Біріншісінде арулар өзі мен көлігін таныстырды, екінші кезеңде жол ережесіне байланысты сұрақтарға жауап берді. Мүдіргендері жоқ. Бұл сыннан бәрі де сүрінбей өтті. Ал соңғы байқауда көлікпен жүру шеберліктерін көрсетті.

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша, бас жүлде Рабиға Түгелбаеваға бұйырды. Көлігін «Крошка» деп еркелететін келіншек бертінде ғана бас қалаға Ақтаудан қоныс аударған. Темір тұлпарды тізігіндегеніне 14 жыл болған. Қалған арулар да байқаудан құр қол қайтпады. Бастысы, жол ережесін кезекті рет пысықтады.