Елордада Азия Ынтымақтастық Диалогының (АЫД) 1-ші Көліктік форумы өтті

АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан Көлік Күндері аясында Азия Ынтымақтастық Диалогының (АЫД) 1-ші Көліктік форумы өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚР көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Форум барысында Оңтүстік - Солтүстік және Шығыс - Батыс транзиттік бағыттары бойынша жолаушылар мен тауарлар тасымалын дамыту үшін тиімді көліктік байланыстарды арттыру, АЫД елдерінің теміржол, автомобиль жолдары, теңіз, өзен және әуе көліктерінің халықаралық қызмет көрсету нарығына енуіне жәрдемдесу, көліктік саясатты үндестіру және Азия елдерінің транзиттік әлеуетін іске асыру мақсатында көлік саласында құқықтық реттеу мәселелері талқыланды.

ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров форум қатысушыларына алғыс айта отырып, аталған шара көліктік байланыстарды дамытуға, Азиядағы сауда ағындары жолындағы кедергілерді азайтуды жәрдемдесуге жол ашатындығына үлкен сенім білдірді.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі көліктік сектордың рөлін арттыруда. Себебі Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғастыратын, Батыс пен Шығысты байланыстыратын транзиттік ел.

Форумды өткізу барысында Малайзия, Иран Ислам Республикасы, Жапония, Сауд Арабиясы, Тәжікстан Республикасы, Үндістан, Пәкістан және Корея елдерінің көлік әкімшіліктерінің басшылары және консулдық қызметтері өкілдері көлік секторларын дамыту тәжірибесі және транзиттік дәліздерді қалыптастыру бойынша жобаларды іске асыру туралы баяндамалар жасады.

Кездесудің қорытындысы бойынша АЫД қатысушыларын теміржол және автомобиль жолдарының интеграциясы арқылы бірыңғай интермодальді көлік желісі ынтымақтастығында жәрдемдесуге шақыратын форумның Астана Декларациясы қабылданды. Сондай-ақ, АЫД мүше мемлекеттері арасында үкіметаралық ынтымақтастықты күшейту және көлік байланыстарының дамуына серпін беру, мемлекеттердің сауда-экономикалық өзара іс- қимылында кездесетін проблемалық мәселелерді шешуге жағдай жасау жөнінде уағдаластық жасалды.

Анықтама: Азия Ынтымақтастық Диалогының (АЫД) - Азиядағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша өзара іс- әрекетке қатысты диалог, кеңестер, шешімдер қабылдау және проблемалық мәселелер бойынша консенсус негізінде шараларды жүзеге асыруға арналған үкіметаралық форумы. Ұйымға 31 мемлекет кіреді. 2002 жылы 19 маусымда Чаам (Тайланд) қаласында Сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуінде негізі қаланды. Қазақстан АЫД құрамына 2003 жылғы 22 маусымда кіріп, көлік мәселесі бойынша үйлестірушісі болып табылады.

Соңғы жаңалықтар