Астанада балабақша тапшылығы қалай шешіліп жатыр

балабақша
Фото: pixabay

Елордада 60 балабақша салынады, оның 10-ы жобаланып жатыр. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023 жылдың басынан 10 214 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Сонымен қатар келесі жылы тағы 10 мыңнан астам орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыратын боламыз. Сондай-ақ балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында 60 балабақша салу жоспарланған. Бүгінгі күні 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп, жобалау жұмыстары басталды», - деді басқарманың басшысы.

Қасымхан Сенғазиевтің дерегінше, жаңа оқу жылында алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан жекелеген санаттағы 10 250 балаға тегін тамақ беріле бастады.

«Осы жылдың қыркүйек айында 4 балабақшада эмоциялық-еркi жағынан және мінез-құлқында бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Сонымен бірге жыл соңына дейін 4 шағын инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады. Жол картасының тармақтарын орындау барысында, жергілікті бюджеттен қолдау таба отырып, 54 балабақшада шағын сәулет нысандары мен ойын алаңдары жаңартылды. 2024 жылы қалған 43 балабақшада жаңартылады. 9 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілді. 2024 жылы 13 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтеді», - деді Білім басқармасының басшысы.

Қ. Сенғазиев осы жылы балабақшалардағы тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанына тоқталды.

«360 педагог қайта даярлау курстарынан және 1 062 педагог біліктілігін арттыру курстарыннан өтті. Алдағы 2 жылда бейінді білімі бар тәрбиешілердің үлесін 100 пайызға жеткізетін боламыз», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана жұртшылығымен кездесу өткізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар