Елордада баласын вокзал маңында тастап кеткен ана психиатриялық есепте тұрған
АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан бірер күн бұрын елордада 3-4 жасар баланы далада тастап кеткен анаға іздеу салынған еді. Баласын тастаған ана табылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

- Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру нәтижесінде баласын вокзал маңында қалдырған ананы анықтап, полицияға жеткізді. Ол бұрын психиатриялық диспансерлік есепте тұрған, - делінген хабарламада.
Қазір анаға қатысты баланы қауіп-қатерге қалдыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр.
- Бала Астана қаласы әкімдігінің өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді, - дейді көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтыны ескертілді.
Еске сала кетейік, 8 қаңтарда Астанада баласын вокзал маңында жалғыз қалдырып кеткен анаға іздеу салынғаны туралы хабарлаған едік.
Тастанды бала жайлы ақпарат алдымен желіде тарады.