Елордада биыл ақылы тұрақ ақысын төлемеген жүргізушілерге 2 млрд теңге айыппұл салынған

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада биыл ақылы тұрақтар ақысын төлемеген жүргізушілерге 2 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Бұл туралы қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. 

автотұрақ
Фото: Kazinform

«Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құруға, пайдалануға және басқаруға» мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС жауапты. Аталған компаниямен жасалған шарт аясында 10 000 ақылы тұрақ орнын іске қосу көзделеді. Бүгінгі таңда 7 200-ден астам ақылы тұрақ орны қолданысқа енгізілді. 2025 жылы ақылы тұрақтарды көбейту қарастырылуда. Биыл жыл басынан бері ақылы тұрақ ақысын төлемегені үшін адамдарға 2 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 2023 жылы дәл осындай жағдаймен 1,3 млрд теңге сомасында айыппұл салынған. Барлық айыппұлдар тек қаланың жергілікті бюджетіне түседі», - делінген Kazinform сауалына жалдаған жауапта.

Сондай-ақ басқарма мамандары ақылы тұраққа төленген ақшаның 25 пайызы қала бюджетіне түсіп жатқанын атап өткен. Мұндай принцип 2038 жылға дейін жұмыс істейді.

«Астана тұрақ кеңістігі» ақылы тұрақтардан бір жылда 800 млн теңге табыс тапқан. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Астанадағы ақылы тұрақтардың мәселесін реттеу жолын айтқанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Астанадағы ақылы тұрақтарда 30 минут тегін тұру тетігін енгізуді ұсынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар