Елордада биыл энергетика саласына 100,8 млрд теңге жұмсалады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Астана қаласының энергетика саласындағы жұмыстарына 100,8 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы қалалық Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Көпешов мәлімдеді.

– Барлығы 100,8 млрд теңге жоспарланған. Оның 70,3 млрд-ы — республикалық бюджеттен, 8,2 млрд-ы — жергілікті бюджеттен бөлінеді. 22,5 млрд-ы — өз қаражатымыз (басқармаға қарасты кәсіпорындардың қаражаты – ред.), - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол бұл қаржының қай бағыттарға жұмсалатынын атап көрсетті.
– Энергия көздері саласында 36 жобаға 39 млрд теңге, жылу желілері саласында 21 жобаға 22,1 млрд теңге, электрмен қамту саласында 17 жобаға 18,1 млрд теңге, газ тарту саласында 15 жобаға 20,2 млрд теңге қарастырылған, - деді Нұрлан Көпешов.
Бүгін қалалық мәслихатта «Елорданы энергиямен қамтамасыз ету және жылумен жабдықтауды дамыту перспективалары мен қазіргі жағдайы» мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Онда Энергетика басқармасының басшысы, «Астана – Энергия» АҚ, «Астана – өңірлік электржелілік компания» АҚ, «Астана – Теплотранзит» АҚ-ның басшылары энергия көздерін кеңейту, жылу желілерін салу және электрмен жабдықтау желілерін енгізу, сондай-ақ тұрғын алаптарға газ беру мәселелері бойынша баяндама жасады.
Айта кетейік, бұған дейін елордада жылу энергиясы бойынша тариф өзгеруі мүмкін екенін жазған едік.