Елордада биылғы колледж түлектерінің 89 пайызы жұмысқа орналасты
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада биылғы колледж түлектерінің 89 пайызы жұмысқа орналасты. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева айтты.

– 2025 жылдың қорытындысында 10 956 адамның 9 641-і жұмысқа орналастырылды немесе әртүрлі қызметпен айналысады. Бұл 89 пайыp. Жұмысқа тиімді орналастыру мақсатында 2022 жылдан бері колледждерде астаналық кәсіпорындар мен ұйымдардың сұранысы бойынша нысаналы кадрлар дайындау жүзеге асырылады. Бүгінде 2 841 студент қамтылған. Олар 90-нан астам астаналық кәсіпорындардың сұранысы бойынша 18 мамандық бойынша оқиды. Нысаналы оқыту келесі бағыттар бойынша жүргізіледі: білім беру; құрылыс; көлік; электр және энергетика; маркетинг; тамақ өнеркәсібі; қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету салалары, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен орман шаруашылығы. 2030 жылға дейін нысаналы тапсырыс бойынша 10 мыңнан астам жасты оқыту жоспарланып отыр, – деді М.Қайырбаева елорда мәслихатының кезекті сессиясында.
Оның айтуынша, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астана экономикасының нақты секторына жастарды тарту, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен беделін арттыруға бағытталған шаралар өткізіліп жатыр. Мұндай 70-тен астам іс-шара ұйымдастырылып, 35 мыңнан астам адам қамтылды.
Бүгінде елордада 32 колледж техникалық және кәсіптік білім беру саласында 76 мамандық және 126 біліктілік бойынша кадрлар дайындаумен айналысады. Колледждерде 38 062 студент оқиды. Оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 24 мың адам білім алып жатыр.
Айта кетейік, таяуда Астана қалалық мәслихатының депутаты Владислав Сергеев елордадағы Тұран және Республика даңғылдарының екі жыл өтпей жатып қайта жөндеуді қажет ететін халге түскенін мәселе етіп көтерген еді.