Елордада бірге тұратын әйелді ұрып-соққан ер адам қамауға алынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 29 жастағы жігіт мас күйінде бірге тұратын әйелді сабап тастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Күндіз 102 арнасына елорда тұрғынынан «көрші пәтерде әйелді ұрып жатыр» деген қоңырау келіп түсті. Тәртіп сақшылары анықтағандай, мас күйдегі ер адам үйде айқай шығарып, бірге тұратын әйелді сабап тастаған. Полиция инспекторы Нұрмұхамбет Тәжібай ер адамды «Алматы» аудандық полиция басқармасына жеткізді», - делінген хабарламада.
Департаменттің мәліметіне сәйкес, ер адамның отбасылық-тұрмыстық теріс әрекетіне қарсы әкімшілік материал әзірленіп, мамандандырылған аудандық әкімшілік сотқа жөнелтілді.
«Сот шешіміне сәйкес, 29 жастағы жігіт 5 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар жазықтыға жыл жылға дейін құқықбұзбау іс-әрекетіне айрықша талап қойылды», - делінген хабарламада.
Қ алаың Полиция департаменті тұрғындарға азаматтық белсенділігі үшін алғыс білдіреді.