Елордада боччадан халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл тамызда «Astana 2025 World Boccia Challenger» халықаралық турнирі өтеді. Бүгінде айтулы жарысқа 14 ел қатысатынын растады.

спорт
Фото: Қазақстан бочча федерациясы

— 2025 жылы 20-28 тамыз аралығында Astana 2025 World Boccia Challenger жарысы өтеді. Бұл халықаралық бочча федерациясының ресми турнирі. Осы жарыс арқылы 2028 жылы Лос-Анджелесте болатын паралимпиадаға ұпай жеңіп, іріктеуден өтуге болады. Бұл турнирдің елордада өтуінің маңызы зор. Бұл Қазақстанның халықаралық жарыстарды өткізе алатынын, оның ішінде инклюзивті спорттың дамып жатқанының көрсеткіші, — деді Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Халықаралық турнирді Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырады. 

— Бүгінде Азия, Еуропа, Таяу Шығыстың 14 елі қатысатындарын растады. Тіркелу жүріп жатыр, әлі бір ай бар, басқа да мемлекеттер растайды деп күтіп отырмыз. Жарыс қатысушылары жеке, жұп және командамен бәсекеге түседі, — дейді ол.

Еске салсақ, 2023 жылы елордада алғаш рет боччадан Қазақстан кубогі өтті. 

Айта кетейік, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев боччаны дамыту — инклюзия мәдениетін қалыптастыру жолындағы озық үлгі екенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар