Елордада «Бозоқ» тарихи-мәдени қорығы ашылады

«Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен нәтижелі кездесу болды. Кездесу барысында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығын дамыту бойынша бірлескен жоспарға қол қойдық. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын инфрақұрылымдарды жасақтаудан кейін, яғни 2020 жылы әзірлеуді жоспарладық», - деп жазды әкім өзінің ресми Instagram парақшасында.
Жобаның басты мақсаты – «Бозоқ» қалашығын қалпына келтіріп, археологиялық парк құру.
Сонымен бірге, әкім туризм саласын дамыту мәселелері бойынша бірқатар жобалардың жоспарланғанын жеткізді.
Айта кетсек, Бозоқ қалашығы Астана қаласының аумағында, Бозоқты өзенінің шығыс жағалауында орналасқан. X-XI ғасырларда Бозоқ аймақтың әкімшілік және сауда орталығы, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы қазақ билеушілерінің әскери базасы болған.
Былтыр Астана қаласының әкімі болған Бақыт Сұлтанов Бозоқ қалашығының 3D-моделі жасалатынын жариялаған болатын.