Елордада «Бүгінгі және ертеңгі іскерлік мүмкіндіктер» атты қазақстан-эстон бизнес-форумы өтті
Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын кеңейту мақсатында өткізілген алқалы жиын барысында Эстонияның «Таллин Порты» АҚ, «Таллин Әуежайы» АҚ, «Эстон темір жолы» АҚ, «Силламэ Порты» және «VOPAK E.O.S.» АҚ (мұнай өнімдерін тасымалдау мен сақтау) сынды ірі фирмаларының қызметі таныстырылды. Сондай-ақ эстон тарабы Қазақстанда көліктік-экспедиторлық және логистикалық қызметтер көрсететін компаниялармен бизнесті жүргізудің оң тәжірибесімен алмасты.
Форум барысында ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Бекзат Қалиев: «ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда өзара тиімді ынтымақтастық орнату мен тереңдетуге ықпал еткеніне өте қуанышты. Айта кететін жай, соңғы уақыттарда Қазақстан мен Эстония арасындағы қатынастар жанданып келеді. Оның айғағы - жоғары деңгейдегі кездесулер, ынтымақтасу жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысы, екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында өтетін іс-шаралар шеңберіндегі өзара әрекеттесу, сондай-ақ бизнес-жобалар қатарын іске асырудағы қолда бар уағдаластық. Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымының өсуіне бағытталған, екіжақты қатынастарды әрі қарай дамытудың жалғасы болып табылатынына біз сенімдіміз», - деді.