Елордада бұқаралық және кәсіби спорт қалай дамып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Салауатты өмір салтын ұстану және спортпен әуесқой шұғылдану сән. Әсіресе жастар арасында. Президент бұқаралық спортқа қолдау көрсету және спорт инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет екенін атап өтті. Жалпы елордада спорттың дамуы туралы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамовпен тілдескен едік.

спорт
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

- Азамат Қазезұлы, елордада бұқаралық спортты дамыту үшін қандай жағдай жасалған? Астаналықтар спортқа қаншалықты әуес?

- Бүгінде бұқаралық спортқа аса назар аударылып жатыр. Салауатты өмір салты және дене шынықтыру мен спортпен шұғылдану ұзақ өмір сүрудің негізгі жолы ретінде қарастырылады. Қалада дене шынықтыру, спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру бағытында 1081 ұжым қызметін көрсетіп отыр. Ол мекемелерде 551 692 адам жүйелі түрде дене-шынықтыру және сауықтырумен айналысады, бұл жалпы қала халқының 39,1%-ын құрайды.  

спорт
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Спорттық мекемелер санының артуы жалпы білім беретін мектептер, орта арнаулы оқу орындары есебінен де көбейіп жатыр. Одан бөлек, әр түрлі сауықтыру кешендері, фитнес-клубтар мен спорттық-сауықтыру орталықтары желісі кеңейіп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік спорттық тапсырыс есебінен қалада спорт ұйымдарының саны артуда.

Астана қаласында 173 спорттың түрі мен спорт бағыты жүзеге асырылып, дамып жатыр. Олардың ішінде, олимпиадалық, олимпиадалық емес, ұлттық, параспорт (мүгедектігі бар жандарға арналған) және техникалық спорт түрлері бар. Олимпиадалық спорт түрлерінен ең көп таралған ойын түрлері – баскетбол, стритбол, волейбол, футбол, шайбалы хоккей. Қазіргі уақытта дзюдо, бокс, велоспорт, жүзу кеңінен танымал. Қыс мезгілінде шайбалы хоккеймен айналысатын контингент саны басқа қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен басым. Алайда, шорт-трек, шаңғы және конькимен сырғанау секілді спорт түрлері танымалдылыққа ие. Бұл спорт инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.  

спорт
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Олимпиадалық емес спорт түрлерінің арасында каратэ, джиу-джитсу, шахмат, панкратион түрлері кеңінен танымал. Ал ұлттық спорт түрлеріне келсек, ең көп тарағандары – тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату, жекпе-жек. Ұлттық спортқа 11 963 адам әуес. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында елорда аумағында 310 спорттық іс-шара өтті. Оған 175,0 мың адам қатысты. Сонымен қатар, AULA fit әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Оның аясында 3 мыңнан астам астаналық 15 тәжірибелі жаттықтырушының көмегімен аулада спортпен шұғылданып жүр.

- Балалар мен жасөспірімдер қандай спорт түрлерімен айналысып жүр? Жалпы балаларға арналған спорт секцияларына орын қалай бөлінеді?

- Қалада 10 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жұмыс істейді. Спорт мектептерінің қала бойынша 41 бөлімшесі бар. Тарқатып айтар болсақ, 6 875 бала және жасөспірім олимпиадалық спортқа барып жүр. Олимпиадалық емес спорт түрлерімен 1 883 жеткіншек айналысады, жалпы спорттың 76 түрі бойынша секциялар бар. 

спорт
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Сонымен қатар, балалар-жасөспірімдер спортын және бұқаралық спортты дамыту үшін 2021 жылғы 1 мамырдан бастап мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілді. Басқарма мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Қалада спорттың 34 түрі бойынша 931 секция жұмыс істейді. Ең танымал секциялар-шахмат (254 секция, 8410 ваучер), дзюдо (113 секция 2653 ваучер), каратэ (98 секция 1640 ваучер), бокс (92 секция 1495 ваучер), футбол (76 секция 2491 ваучер), көркем гимнастика (54 секция 2051 ваучер). Бүгінгі таңда әкімдік жанынан 20 аула клубы жұмыс істейді, олардың негізгі қызметі қаланың балалары, жасөспірімдері мен жастарының бос уақытын қамтамасыз етуге бағытталған. Үйірмелер мен аула клубтарының секцияларына бару тегін негізде жүргізіледі. Сондай-ақ, қаланың 4 ауданында Астана қаласы әкімдігінің «Шығыс» балалар-жасөспірімдер орталығының дене тәрбиесі даярлығының балалар мен жасөспірімдер клубтары бар.

- Астанада спорттық инфрақұрылымдарды дамыту, спорттық нысандардың санын көбейту бағытында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

- Спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 1000 адамға шаққанда 34,25% құрайды. Бүгінде елордада 600-ден астам спорттық нысан, оның ішінде 34 ірі спорт кешені бар. Биыл жыл соңында Алматы ауданы «Железнодорожный» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тапсыру жоспарланған. Сондай-ақ, Қ.Мұнайтпасов атындағы Орталық стадионын және «Қазақстан» спорт сарайын қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 

Астана қаласының дене шынықтыру және бұқаралық спорт саласын дамытудың 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Оған сәйкес, көпфункционалды спорт кешендерін, ескек есу спорт түрлеріне арналған спорт базасын салу, жұмыс істеп тұрған веложолды қайта жаңарту (Қарқаралы тас жолынан Қорғалжын тас жолына дейін), футбол күмбездерін, жазғы және қысқы ойын спорт түрлеріне арналған модульдерді орнату көзделген. 

спорт
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

- Елорда намысын республикалық, халықаралық деңгейде қорғап, жарыстарда топ жарған спортшыларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

- Қалада 7 мамандандырылған олимпиадалық резерв балалар мен жасөспірімдер мектебі және 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 1 883 адам айналысады, оның 54-і 1-спорттық разряд, 200 спорт шеберіне үміткер, 2 спорт шебері. Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептері мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері әдетте спорт секцияларының түріне әр оқу жылының басында спортшылардың деңгейіне байланысты қабылдайды. Кейбір спорт түрлерінде қабылдау талаптары бар, мысалы, белгілі бір жас, физикалық дайындық деңгейі ескеріледі. Елорда намысын республикалық, халықаралық деңгейде қорғап, жарыстарда топ жарған спортшыларға Астана әкімдігінің 2020 жылғы 5 қазандағы қаулысымен бекітілген ай сайынғы төлем қарастырылған.

- Биыл күзде Астанада V дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дайындық барысы қалай жүріп жатыр?

- Әкімдік V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау, өткізу дирекциясы және штабымен бірлесіп, әлемдік бәсекені өткізуге белсенді дайындық жүргізуде.  Жалпы ойындарды өткізу үшін 7 нысан анықталды, оның үшеуі бойынша қайта құру жұмыстары жүргізілуде («Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Қазанат» ипподромы). Сондай-ақ жол құрылысы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, абаттандыру, қаланы тақырыптық безендіру және іс-шараны ақпараттық жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қаланы безендіру тұжырымдамасы әзірленді, үш кезеңде 1200-ге жуық жарнамалық конструкциялар орналастырылатын болады. Бүгінде дирекция 1000 еріктіні іріктеп алды. Сондай-ақ, қала әкімдігі қосымша 400 еріктіні қамтамасыз етеді, олар ашылу және жабылу рәсімі кезінде жинау нүктелерінде тартылады. 
Елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Астана қаласы Полиция департаментінің барлық жеке құрамы және басқа өңірлерден СОБР-дың 1200 қызметкері жұмылдырылады.

Соңғы жаңалықтар