Елордада дабыл батырмасының қалай жұмыс істейтіні тексерілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада төтенше жағдайға тап болғанда полицияны шақыруға арналған SOS дабыл батырмасының қалай жұмыс істейтіндігі іс жүзінде тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«SOS дабыл батырмасы төтенше жағдайға тап болғанда қолдануға арналған. Сонымен қатар батырманы тек қауіп төнгенде ғана емес жөн сұрау үшін де қолдануға болады. Мысалы, сіз қаланы жөнді білмейміз, адасып кеттіңіз делік, сондай жағдайда SOS дабыл батырмасын басып көмек сұрауға болады. Тұрғындардың сауалы жедел әрекет ету орталығына барып түсіп, одан әрі полиция қызметкерлері іске кіріседі», - Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағамбетов.
Бүгінде елорда аумағында 13 SOS дабыл батырмасы орналасқан. Алдағы уақытта оның саны көбейтіледі.
Полиция департаменті басшының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев аталған жаңа қызмет түріне қанша адамның жүгінгенін айтты.
«Батырманы тек төтенше жағдай болғанда ғана емес, күдікті іс-әрекет кезінде басып, жүгінуге болады. Бүгінде SOS дабыл батырмасы арқылы 200-250 қоңырау келіп түсті. Олар жалған қоңырау емес. Расымен адамдар жаңа қызметтің қалай жұмыс істейтінін тексеріп жатыр. Тұрғындарда полиция расымен шұғыл жауап бере ме екен деген қызығушылық бар. Кейде дабыл батырмасын басқан адамдар «шынымен істейтіндігін байқағымыз келген» деп айтып жатады» , - дейді ол.
Осы орайда жұртшылықтың көзінше SOSдабыл батырмасының қалай жұмыс істейтіні таныстырылып, көрсетілді.
Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында заманауи сервистік полиция қызметінің жұмысы таныстырылды.
Сондай-ақ, елордада учаскелік полицейлердің саны артқаны айтылды.

