Елордада демалыс күндері жәрмеңке өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада 14-15 маусым күндері кезекті қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеде жергілікті фермерлер мен Қазақстанның түрлі өңірінен келген өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөністер мен жемістерді, ет, ұн және сүт өнімдерін, нан-тоқаш өнімдерін, табиғи шырындар мен тосаптарды және басқа да тауарларды тиімді бағамен сатып ала алады.
Іс-шара 14 және 15 маусым күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Нұрғиса Тілендиев даңғылы, 12а мекенжайында орналасқан «Koktal» сауда-ойын-сауық орталығында өтеді.
Айта кетейік, елордада тағы бір ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жұмыс істеп тұр. Ол Бейбарыс Сұлтан көшесі, 23 мекенжайында (Рио-де-Жанейро тұрғын үй кешенінің қарсысында) орналасқан. Жәрмеңке күн сайын сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін келушілер үшін ашық.
Қонақтардың ыңғайлығы үшін жәрмеңке маңынан №2, 32, 49, 50 және 73 автобустары қатынайды, бұл іс-шара өтетін орынға қолайлы жетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астананың Байқоңыр ауданында 100-ден астам «Жасыл ел» жауынгері «Таза сәрсенбі» экологиялық акциясына қатысқанын хабарлаған едік.