Елордада екі құрылыс компаниясының үстінен алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада екі құрылыс компаниясының үстінен алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарына күнделікті мониторинг жүргізу барысында Астанада салынбаған нысанның шаршы метрін саудалайтын құрылыс компанияларының бар екендігі анықталды. Бұл Қазақстан Республикасының Үлескерлік құрылыс туралы заңнамасына қайшы келеді. Мұндай заңсыз іс әрекеттің алдын алу үшін тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның нәтижелері күн сайын БАҚ-та жарияланатын болады. Айта кетерлігі, «Әл-Баракат Компани» ЖШС мен «Төленді» құрылыс компаниясына қатысты Астана қалалық ішкі істер департаменті тарабынан алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.
Осыған орай Астана қаласының әкімдігі баспана сатып алушыларға барынша қырағылық танытуға, тәуекелдерді ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға кеңес береді. Пәтер сатып алушылар көппәтерлі тұрғын үй кешенінен баспана алу барысында құрылыс компаниясында мынадай құжаттардың болуына жіті назар аударуы тиіс:
1. Жер телімін таңдау және келісім актісі 2. Жобалауға арналған қаулы 3. Сәулеттік жобаланған ғимарат 4. Астана қаласының бас сәулетшісі бекіткен жоба сызбасы 5. Инженерлік желілермен қамтылған жұмыс жобасының мемлекеттік сараптамасы 6. Құрылысқа арналған қаулы
Бұған қоса, салынып бітпеген нысандардағы тұрғын үй аумақтарын сату барысында құрылыс компаниясы үлескерлердің қаржысын тартуға арнайы рұқсат қағазына ие болуы қажет.