Елордада ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған II шахмат олимпиадасы басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанадағы Паралимпиада жаттығу орталығында ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған Екінші шахмат Олимпиадасының (2nd Chess Olympiad for People with Disabilities) жалауы желбіреді.

Ашылу салтанатына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олимпиада қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.

Мемлекет басшысы өз жолдауында Қазақстанның инклюзивтілік қағидатына негізделген шахматты жан-жақты дамыту бастамасын белсенді қолдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов және Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты ашылу салтанатынан кейін, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі және ҚР шахмат федерациясының президенті алғашқы жүріс жасап, Олимпиаданы ресми бастады.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан шахмат федерациясы (Kazchess), ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті. Олимпиадаға Freedom Holding, Freedom Шапағат корпоративтік қоры, Air Astana қолдау көрсетті.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Олимпиадаға 29 елдің 34 командасы қатысады.