Елордада фельдъегерлік қызмет мамандары марапатталды

1991 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік қызметі құрылды. 30 жылдық тарихы бар аталған қызметтің негізгі міндеті – мемлекеттік маңызы бар және құпия саналатын құжат, хат, хаттама және басқа заттарды тиісті жерге жеткізу.
«16 желтоқсан күні еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалды. Қазіргі өмірдің барлық жетістіктері, ұлттық дамуы ол Тәуелсіздіктің арқасы. Қазақстан тәуелсіздігін ала сала фельдъегерлік қызметті құру күн тәртібінде тұрды. Осылайша 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан өз Тәуелсіздігін жарияласа, араға 3 күні салып 20 желтоқсан күні министрлер кабинетінің қаулысымен сол кездегі Байланыс министрлігінің жанынан мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің негізі қаланды. 1993 жылы қаңтарда Минск қаласында ТМД елдері өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Сол келісімнің негізінде бүгінгі күнге дейін мемлекеттік фельдъегерлік қызмет жұмысын жалғастырып келеді. Осы жылдар аралығында отандық фельдъегерлік қызметтің дамуына арналған 3 рет жиын өткізілді. Алғаш 1996 жылы Алматыда, одан кейін 2005 және 2014 жылы Астана қаласында», - деді ҚР мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің басшысы, фельдъегерлік қызмет полвокнигі Арнұр Икрамбеков.
Оның айтуынша, әлемдегі фельдъегерлік қызметтің тарихы бастауын XVIII ғасырдың соңынан алады.
«Біздің қызмет Тәуелсіздік алғалы ел экономикасының дамуы мен тұрақтылығына өз үлесін қосып келеді. Біздің мамандар елімізге және елімізден мемлекеттік құнды әрі құпия саналатын маңызды құжаттар мен хаттарды жеткізіп келеді. Фельдъегерлер құжаттардан бөлек, валюта, алтын және басқа да бағалы металдарды жеткізуге жауапты», - дейді ол.
Биыл фельдъегерлік қызмет мамандары елімізге 12 мыңнан астам құжат жеткізген. Оның 9 мыңы елордаға келген.
«Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің мерекелеріңіз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Алдағы еңбектеріңізге табыс тілеп, еліміздің өркендеуі қосар үлестеріңіз мол болсын. 30 жылдың ішінде сіздер мақтанышпен айтатын жайттар жеткілікті, сіздер Тәуелсіздікпен бірге жол жүріп келесіздер. Фельдъегерлік қызметтің мамандары мемлекет қойған тапсырманы мүлтіксіз орындап келеді. Уақыт пен жағдайға қарамастан фельдъегерлік қызмет кез келген жерге корреспенденцияны шұғыл әрі бүтіндей жеткізіп келеді. Тағы бір айтып өтетін сәт, сіздердің жұмыстарыңыз туралы көпшілік біле бермейді. Дегенмен сіздерге жүктелген міндеттің мемлекеттік маңызы барын біз білеміз», - деді ҚР Президент Әкімшілігі жалпы бөлімнің меңгерушісі Нұрдәулет Төлеев.
Сондай-ақ, шара барысында фельдъегерлік қызметте еңбек етіп, аталған саланың дамуына үлес қосқан ардагер және қатардағы қызметкерлер марапатталды.