Елордада газ баллонының жарылуы: зардап шеккендердің жағдай қалай

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада тұрғын үйге жапсарлас салынған кафеде газ баллоны жарылып, бірнеше адам жарақат алды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасынан пациенттердің қазіргі жағдайы туралы сұраған едік. 

сот
Фото: Pexels

«Бүгін (28 қыркүйек) газ баллонының жарылуы салдарынан Ақыртас көшесіндегі дәмхананың 6 қызметкері (барлығы ер адам) зардап шекті. Олар жедел медициналық жәрдем бригадасымен №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізіліп, бейінді мамандар қарады. Зардап шеккендердің төртеуінің әртүрлі дәрежеде беті мен денесін күйік шалып, шок алған, қалған екеуі түтіннен уланған», - деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан.

Ақпаратта айтылғандай, төрт пациент 1 КҚА-ның политравма, эндопротездеу және комбустиология орталығына жатқызылған. 

«Зардап шеккен екі адам 3 және 5% термиялық күйікпен келіп түсті. Тиісті ұсыныстар беріліп, амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді», - дейді басқарманың баспасөз қызметінен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада тұрғын үйге жапсарлас салынған кафеде газ баллоны жарылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қираған аумақ шамамен 60 шаршы метрді құрайды, өрт 15 шаршы метрді шарпыған. Тілсіз жау сөндірілді.

Соңғы жаңалықтар