Елордада II Халықаралық клоундар фестивалі қатысушыларының шеруі өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Балаларды қорғау күніне орай II Халықаралық клоундар фестивалі өтіп жатыр. Іс-шара Нұржол желекжолында әртүрлі елдердің өнерпаздары қатысатын клоундар шеруімен басталды.

Фестиваль қатысушылары «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатыр» СОСО-ның қарсы бетінде орналасқан «Ғашықтар» паркіне дейінгі желекжолмен жүріп өтті. Мерекелік іс-шара Kazmedia Hall сахнасында ең жас елордалықтарға арналған қайырымдылық гала-концертпен аяқталады.
– Бүгін 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордадағы Бәйтерек монументі жанында жиналдық. Өте керемет бағдарлама ұйымдастырылған. Іс-шараны тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтары өте көп. Бізбен суретке түсіп, өте көтеріңкі көңіл күйде жүр, - деді шеруге қатысқан Ділназ Ертаева.

Шеруге қатысқан Асқарбек Сырым да бүгінгі іс-шараның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, жеткіншектерді мерекелерімен құттықтады.
–Ата-аналарымыздың арқасында бүгін тамаша іс-шараға куә болып жатырмыз. Клоундар фестивалі аясында өнерпаздар түрлі өнерлерін көрсетіп, бізді тәнті етті. Бүгін осы жерге келіп олардың өнерін көргеніме қуаныштымын, - деді елордалық оқушы Әмірәлі.

Айта кетейік, фестивальге Қазақстан, Италия, Испания, Ресей мен Бельгия өнерпаздары қатысады. Онда танымал Мұтырғановтар отбасы, тараздық клонудар, Санкт-Петербор қаласынан келген «Лицедеи» тиеатрының әртістері, испандық Хуго Санчес, италиялық жұп Дэнни мен Диво, белгиялық Барто клоуны өнер көрсетеді.