Елордада карантин аймағынан өтпек болған 143 адам қамауға алынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда ескертуге қарамастан, жол бекетін айналып карантин аймағынан өтпек болғандар азаймай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордада карантин аймағынан өтпек болған 143 адам қамауға алынды

Қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұр-Сұлтан қаласында карантин басталғалы 3 347 азамат жауапқа тартылып, оның 226-сы қамауға алынған. Сондай-ақ 2 348 адамға айыппұл салынып, 699 құқық бұзушыға ескерту жасалды. 74 іс сотта қаралуда.

Әкімдіктің айып тұрағына 1 160 көлік қойылды.

«Шектеу мен ескертуге қарамастан блокпосттарға тоқтамай, карантин аймағын кесіп өту жиі тіркелуде. Бүгінде 143 адам қамауға алынып, 44 адамға айыппұл салынды. 24 материал сот қарауына жіберілді», – дейді баспасөз қызметі.

«Қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, полицияның заңды талаптарын орындаңыз және оларға инфекцияның алдын алуға көмектесіңіз. Бұл шаралардың барлығы сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін жасалды», – делінген хабарламада.