Елордада карантинге алынған аумақ дезинфекцияланды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 200-ден астам адам Абылай хан - Рысқұлбеков — Мүсірепов – Мұстафин көшелерінің қиылысында карантинге қоршауға алынған аумақта ауқымды дезинфекция жұмысын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Дезинфекция жұмысына әскери қызметшілер қатысты. Карантиндік аумақ толығымен қамтылды, дезинфекция жұмыстары жалғасады. Аумақта орналасқан 9 үй карантинге жабылған.
Ғ.Мүсірепова көшесі 4, 7, 7/1-үй, Қ.Рысқұлбекова көшесі 4/1, 4/3, 16/1, 8а-үй, Ғ.Мұстафин көшесі 21, 21/5-үй. Бұл үйлердің тұрғындарына жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне баруына ғана болады. Қалған жағдайда үйден шығуға қатаң тыйым салынады.
Дәрі-дәрмекті тек тапсырыспен алуға болады. Периметр бойынша қоршау белгілері орнатылды, полиция кезекшілік атқарып жатыр.
Елордада дезинфекция жұмыстары күн сайын жүргізіліп жатыр. 2 800-ден астам тұрғын үй үшінші рет дезинфекциядан өтіп жатыр. Күн сайын өңдеу жұмысына шамамен 500 адам шығады.
Дезинфекция ерітіндісімен қаланың барлық базарлары, медициналық мекемелері, сауда орталықтары, супермаркеттер, өткізу-бақылау бекеттері және басқа да адам көп жиналатын орындар өңделуде.
Еске сала кетсек, елордың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сарқыт Бейсенованың қаулысымен Абылай хан-Рысқұлбеков-Мүсірепов-Мұстафин көшелерінің квадратында шектеу шаралары енгізілген болатын.