Елордада қауіпсіз тамақтану және көңіл көтеру орындарының рейтингі жасалады
«Астанада тамақтану және көңіл көтеру орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пилоттық жоба қолға алынды. Бизнес қауымдастықпен бірлесіп, қаладағы дәмхана, мейрамхана және түнгі клубтардың қауіпсіздік деңгейі бойынша рейтинг жасалады. Қауіпсіздік рейтингіне қоғамдық орындар ерікті түрде қатысады, мәжбүрлеу жоқ. Сондай-ақ, тамақтану және көңіл көтеру орындарын әкімшілік немесе басқа жазаға тарту көзделмейді. Бұл жерде негізгі мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз демалуына және тамақтануына жағдай жасау, яғни қауіпсіздігін қорғау. Өзіңіз білесіз, дәмхана, түнгі клубтарда бұзақылық, төбелес болып тұрады. Демалушылар қауіпсіздіктің жоқтығын айтып шағымданып жатады», - деді Арман Айтмағамбетов.
Оның айтуынша, аталған жоба елімізде алғаш жүзеге асырылып жатыр.
«Демек, астаналықтар дәмхана, мейрамханалардың қауіпсіздік рейтингіне қарап, тыныш жерді таңдай алады. Әзірге рейтинг барысымен Smart Astana платформасы арқылы танысуға болады. Алдағы уақытта арнайы сервис ашылады, бүгінде ол жасалып жатыр. Қауіпсіз қоғамдық орын дегеніміз не? Алдымен, бейнебақылау мен мамандандырылған күзеттің болуы. Сонымен қатар, дабыл батырмасының болуы абзал. Қоғамдық орын маңының жарықпен қамтылуы және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы маңызды. Сол сияқты төтенше жағдай туындағанда ғимараттан шығатын қосымша есіктің болуы міндетті», - дейді ол.
Бүгінде елордада 20 тамақтану және көңіл көтеру орны пилоттық режимде қауіпсіздік рейтингіне қатысып жатыр. Алдағы уақытта қатысушылар саны арта түспек. Полиция департаменті өкілінің мәлімдеуінше, бизнес өкілдері тарапынан жобаға қолдау бар.
«Бұл жерде қоғамдық орынның ішіндегі жағдай ғана емес, сыртында не болып жатқаны да маңызды. Мысалы, дәмханада төбелес шықса, күзет бұзақыларды далаға қуып шығады, ал одан әрі жағдай не болып жатыр, оны ешкім білмейді. Осы орайда, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды», - деді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы.
А. Айтмағамбетов келтірген статистикаға сәйкес, өткен жылы тамақтану және көңіл көтеру орындарында бұзақылық жасауға қатысты полицияға 16 мың қоңырау түскен. Салдарынан 610 адам жарақат алды. Сондай-ақ, былтыр дәмхана, мейрамхана және түнгі клубтарда 700 ұрлық дерегі тіркелген.