Елордада «Қазақ Елі - еркін ел атанғанда» атты әдеби кеш өтті

Астанадағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №77 мектеп-гимназияның оқушылары ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқамен кездесті.
Аталған іс-шараның мақсаты - өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу, оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру, ұлы Отанымызға деген сүйіспеншілік және мақтаныш сезімін қалыптастыру, қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгеруге, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылықтарын ояту.
Кездесу кезінде Нұрлан Қалқа шығармашылығы туралы жан-жақты әңгімелеп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Оқушылар ақынның ана тілі, Отан, тәуелсіздік, туған жер, достық, ауыл, астана, т.б. тақырыптарды қамтыған жырларын жатқа оқып, шағын концерт ұйымдастырды.
Кездесу соңында ақын оқушыларға қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйлады. Сондай-ақ, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай маңызды іс-шара өткізгендері үшін мектеп директоры Гүлжамал Байменова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Назым Жетпісбаева бастаған ұжым мен оқушыларға өз ризашылығын білдірді. «Тәуелсіздіктің қадірін терең түсініп, оны көздің қарашығындай қорғауға әрқайсымыз өз саламыз бойынша үлес қоссақ, еліміз одан әрі дами беретіні анық», деп толғанды сөз соңында ақын Н.Қалқа.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев те сөз алып, мектеп ұжымына алғысын айтып, оқушыларға Елбасы демеушілігімен жарық көрген 2-томдық «Тәтті алма» кітабын сыйға тартты.
Тағлымы мол, мазмұнды кездесуді Мемлекеттік тілді дамыту қоры әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірлесіп өткізіп отыр.
Ақын туралы дерек: Нұрлан Нұрахметұлы Қалқа Алматы облысының Асы жайлауында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп ертегі, новелла, әңгіме-өлеңдер жазумен шұғылданған. «Әке» атты алғашқы өлеңі 1948 жылы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарық көрген. Ақынның «Аққу-жүрек», «Жыл - он екі ай», «Отыз бесінші шілде», «Мизам шуақ» атты жыр кітаптары, «Әке, сені сағындым» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Өлеңдер топтамасы «Қазақстан жас ақындарының антологиясы», «Қос iшек», «Жыр маржаны» (қазақ поэзиясының антологиясы), «Азаттығым - ғажап күнім» (антология), Елбасы алғысөзімен жарық көрген «Тәтті алма» жыр жинақтарына, әңгiмелері «Арман қанатында» жинағына енген.
2016 жылы «Мизам шуақ» атты жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды.