Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысында қалыптасқан өзіндік дәстүр бар
Кез келген маңызды шаралардың басында астаналық Ассамблеяның қадірлі ақсақалы, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының жетекшісі Салман Героев жүреді. Қаламызда 3600-дей ингуштер мен шешендер тұрып жатыр. 1990 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан этномәдени орталықтың жұмысы жолға қойылған. Мұнда Ханифа Мациеваның жетекшілігімен «Вайнах» би ансамблі жұмыс істейді. Жүзден аса бишісі бар бұл ансамбль қаладағы ең танымал өнер ұжымы ретінде қала сахналарында өнер көрсетіп жүр. Бишілердің ең кішісі төрт жаста болса, ересектерінің алды - 20-дан асқан жас жігіттер мен қыздар. Тау халқының билерін үйрететін үйірмеге орыс, украин, қазақтың да талай баласы қатысып жүргенін айта кеткен жөн.
Елордалық «Достық» орталығында ең көркем безендірілген орынның бірі «Оберег» украин бірлестігіне тән. Оның төрайымы Тамара Ширмердің басшылығымен украиндардың этникалық бүтіндігін, мәдениеті, украин тілі, өзіндік сана-сезім, ұлттық әдет-ғұрып пен украиндықтардың тарихи Отанымен байланысын дамыту мен сақтау бағытындағы жұмысын белсенді атқарып келеді.
- «Оберег» украин қоғамының бастапқы бағытында жастармен жұмыс бірінші орынды қамтиды. Бірлестікте «Чаривни Джерела» жастар қанатында тренинг-клуб қызметін үзіліссіз көрсетеді, онда қатысушылар қоғамдық өмірдің әртүрлі көріністеріне байланысты белсенді азаматтық бағдар тудырады.
2008 жылдың ақпанында «Рідне слово» украин жексенбілік мектебі құрылды. Мектеп мұғалімдері этникааралық қатынас мәдениетін, Украина мен Қазақстандағы айрықша белгіленген күндер мен мемлекеттік мейрамдар, халықтық күнтізбелік кезеңдегі мейрамдары мен тәрбиелік мәні бар іс-шара өткізеді, - деп қоғам төрайымы атқарып жүрген қоғамдық жұмыстарын қысқаша тұжырымдады. «Оберегтің» өнер ұжымдарын Н.Литошконың вокалды-хореографиялық ансамблі, Н.Зеленский атындағы хор, «Забава» балалар вокал тобы мен «Задоринка» ансамблі құрайды. Бірлестік қайырымдылық мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. «SOS балалар қалашығы Астана» қоғамымен бірлестік тығыз қызмет жасап, көмек көрсетіп келеді.
Майдангер, қаламгер, «Алеф» еврей мәдени орталығының жетекшісі Моисей Гольдберг - республикамызға кең танымал ардақты азаматтардың бірі. «Аз жасаған жоқпын, журналистік жолда талай тұлғалармен жүздесудің сәті түсті. Олардың арасында майдангерлердің орны бөлек. Қайда жүрсем де, қазақ жерінен аттанған майдангерлердің ізін тауып, ерлігін елге жеткізуді жөн санадым. Менің кейіпкерлерім - ерлігімен де, өшпес даңқымен де танылған тұлғалар. Әрқайсысының сыртында Отан үшін жанын пида еткен бізге белгісіз солдаттардың ерлігі тұр. Менің жазғандарым миллиондаған майдангердің өмірі мен өлімінің бір үзігі деп түсінген жөн» деп шығармашылық ұстанымына адал болған Моисей Михайловичтің тағылымын мұндағылар да қадір тұтады. Елордадағы «Достық» орталығында еврейлер қоғамы да лайықты орнын алады.
Биыл астаналық Ассамблея қатарына тағы бір орталық қосылды. Жүзге тарта елордалық қарақалпақтардан тұратын мәдени бірлестіктің жетекшісі - Тазабике Әлиева. Бұл этномәдени бірлестік елордалық Ассамблея жұмысын тез игеріп, қалыптасқан дәстүрді сақтай отырып, достық өрнектеріне тағы бір айшықты арқау болып жалғасты.
- Ассамблея ұлтаралық, конфессияаралық қарым-қатынастың жарқын үлгісі ретіндегі айрықша институт екенін айту керек. Көптеген мәдени орталықтардың басын құрап, бейбітшілк пен келісімнің шын қорғаушысы ретінде күннен-күнге жолы айшықталып келеді, - дейді корей мәдени орталығының өкілі Роза Пак. «Біздер ұлттық рухымызды түлетуге серпін берген, Қазақстандағы барлық этнос өкілдерін бір ортаға жинап, қуатын бір арнаға бағыттаған Ассамблеяның алғашқы құрылған күндері жадымызда. Содан бері бас қаламызда өткен барлық мәдени шаралардың бел ортасында жүрміз. Өзіміздің жұмысымызбен көрсете білдік, елордалық корейлер бізге сенді, ізімізге ерді. Қазақ жерінде тамыр жайған корейлердің орта буыны өкілдерінің мақсаты - жастардың жүрегінде «достық», «бірлік» деп аталатын мемлекеттің тұрақтылығын бекітетін адами ұғымдарды бекітіп, өмірлік жолында оны ту етіп алға озуына жұмыс жасау, оған қала әкімдігі барлық жағдайды жасап отыр» дейді Р.Пак.
Орыс, украин, беларус, поляк, неміс, ұйғыр, дүнген, армян, грузин, тағы басқа да этнос өкілдері бір орталықта бас қосып, елімізде жасап жатқан барлық ұлт өкілдерінің ынтымағы үшін жұмыс жасап жатыр. Бұл - барлық құндылықтардың ішіндегі ең абзалы.