Елордада «Қазақстан Республикасы мен араб әлемі» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

АСТАНА. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасы бойынша басып шығарылған «Қазақстан Республикасы мен араб әлемі» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
None
None

Осыған орай өткен шара барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай аталған басылымда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың араб елдерімен барлық салалар бойынша қарым-қатынастарды дамытуға қосқан зор үлесі туралы баяндалып отырғандығын атап өтті. «Елбасы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен саяси және экономикалық дамуда қол жеткізілген орасан жетістіктердің арқасында біздің еліміз қазірге кезде халықаралық қоғамдастық тарапынан жетекші елге айналып отырғаны ақиқат. Біздің еліміздің сыртқы саясатында араб әлемі елдерімен өзара тиімді қатынастарды нығайту басымды бағыттардың бірі болып саналады», деді ол өз сөзінде.

Бұл орайда қол жеткізілген табыстардың негізінде мықты тарихи байланыс жатқандығын баса айтқан Қ.Сарыбай соның арқасында Қазақстан мен араб елдері арасындағы қатынастар рухани және мәдени құндылықтарға толы дамып отырғандығын тілге тиек етті. Сонымен бірге қазақ халқының ұлы ғұламалары мен тұлғалары араб әлемімен арадағы жақындастықтың тарихи дәлелі болып табылатындығын да атап өткен ол «Мысырдың аты аңызға айналған билеушісі Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс, философ және ғалым Әбу Насыр әл-Фараби, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи қазақ даласынан шыққан ислам үмбетінің жарқын өкілдерінің бір бөлігі ғана болып табылады», деді.

Оның атап өтуінше, Қазақстан араб әлемімен түрлі саладағы қарым-қатынастарды дамытуға зор мән беруде. Еліміз өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан бері араб әлемімен саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастықта жоғары деңгейге қол жеткізіп отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан мен араб әлемі арасындағы байланыстар серпінді түрде достық пен өзара түсіністік рухында дамуда.

«Бұл кітапта еліміздің тәуелсіздіктің 19 жылы ішінде, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың халықаралық беделі және тарихи рөлінің арқасында Қазақстанның араб әлемі елдерімен орнатқан стратегиялық әріптестігі айқын көрініс табатындығына сенім білдіреміз», деп түйіндеді сөзін Қ.Сарыбай.

Аталған шараға Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Мусинов, сондай-ақ еліміздегі бірқатар шетелдік елшілер қатысты.

Басылымда ҚР Прездиенті Баспасөз қызметінен, Сыртқы істер министрлігінен, Тұңғыш Президент Мұражайынан, президент мұрағатынан, араб мемлекеттеріндегі Қазақстан елшіліктерінен алынған мұрағаттық деректер мен фотоматерилдар қолданылған. Сондай-ақ бірқатар араб мемлекеттерінің бірінші басшыларының алғысөздері берілген.

Соңғы жаңалықтар