Елордада «Қазақстан Республикасында ақпаратқа қол жеткізу: жағдайы мен болашағы» атты конференция өтіп жатыр
Алғашқы сөз кезегін алып, қазіргі таңда еркін ақпарат мәселесі демократиялық елдер үшін өте маңызды және адам капиталын дамытуда негізгі жол болып табылатындығын атап өткен «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин «адам капиталын нығайту Елбасымыз, «Нұр Отан» ХДП-ның төрағасы Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының негізгі бағыттарының бірі. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша партиямыз демократиялық принциптерді қолдай отырып, халықтың өзара байланысын нығайту әрбір азаматтың ақпарат алу мүмкіндігін қамтамасыз ету жолында көптеген жұмыстар атқарып келеді», деді.
Сонымен қатар ол «Нұр Отанның» елдегі басқарушы әрі билік партиясы ретінде «Жария ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заң жобасын дайындауға қатысқандығын баса айтты. Заң жобасында ақпараттарды жіктеу, ақпаратқа иелік етуші мен пайдаланушының міндеттері мен құқықтарын заңды түрде бекіту ұсынылады. Сондай-ақ жобада ақпаратқа иелік етуші заңды тұлғалар мен азаматтардың сұранысы бойынша берілуі тиіс ақпараттар түрінің толық тізбесі көрсетілген.
Аталған шараны «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңес, ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия, Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, Ұлыбритания елшілігі және еліміздегі Интерньюс Нетуорк пен ЮНЕСКО халықаралық ұйымдары ұйымдастырып отыр. Оның жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.