Елордада Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған көрме экспозициясы ашылды

«Тәуелсіздік жаршысы» деп аталатын көрменің басты мақсаты Тәуелсіздіктің негізгі кезеңдерін мұрағат құжаттары және музей жәдігерлерімен көрсету арқылы жақында өткен оқиғалар мен қазіргі Қазақстанның кемел болашағына деген шынайы көзқарасты қалыптастыру, дейді мұражай қызметкерлері.
Көрме Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізу, қалыптасу және оны нығайту кезеңдерiн ашатын 9 тақырыптық бөлiмдерден тұрады. Онда кiтапханалық және ҚР Тұңғыш Президентiнiң мұражайы мен Мемлекет басшысының мұрағат қорларынан сирек кездесетiн тарихи құжаттар, фотолар және бейнемағлұматтар, газет жарияланымдары және экспонаттары қойылған.
Мысалға «Қазақстанның өз жолы, өз келешегі бар!» атты бөлiмде ҚР тәуелсiздiгi жолындағы маңызды оқиғалар мен кезеңдер көрініс тапқан. Мемлекеттiк егемендiк туралы декларацияның қабылдануы, 1986 жыл желтоқсан оқиғалары, Мемлекет басшының бiрiншi бүкiлхалықтық сайлауындағы жеңісі, «ҚР мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» ҚР Конституциялық заңының қабылдануы сынды елеулі қадамдары жөніндегі құнды экспонаттар мен құжаттар ұсынылып отыр.
Ал «Тәуелсiздiктiң нышандары» бөлiмінде Елтаңба, Байрақ, Әнұран мемлекеттiк рәмiздерiнің, ұлттық валюта және Қазақстан Конституциясының қабылдануынан хабардар ететін құжаттар мен экспонаттар қойылды. Сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің сәулеттiк нышандарының ең жарқын үлгісі болып табылатын Астана қаласының құрылысы барысын ашатын ақпараттар мен мәліметтер жинақталған.
Сонымен қатар экспозиция арқылы дүниежүзілік сахнадағы Қазақстан табысын айшықты түрде көрсететін бөлімдер де бар.
«Ұлттық идея» бөлiмінің экспозициясында Қазақстанның ғарыштық тарихын жаңа кезеңдерге аяқ бастырған алғашқы қазақстандық ғарышкеркерлер Тоқтар Әубәкiров пен Талғат Мусабаевтың ғарыш сапарлары туралы және Қазақстанның әлемде ең ірі ядролық қару-жарақ қоймаларының бірі болған Семей ядролық полигонын жою жолындағы негізгі қадамдарды баяндайтын оқиғаларды қамтиды.
ҚР Тәуелсіздігінің ҚР Президенті Мұрағаты және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен көрменің жұмысы 2012 жылдың 21 қаңтарына дейін жалғасады.