Елордада келіндер сайысы өтеді

АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат - Ертең, наурыздың 5-інде елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында 8-ші наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай келіндер сайысы өтеді.
None
None

Бұл ақпаратты аталған орталықтың баспасөз қызметі таратып отыр.

«Келіндер бәсекесінде ҚР Президенттік мәдениет орталығының құрылымдық бөлімдерінде жұмыс істейтін келіншектер, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, ұлттық ас пісіру мен шай құю, мақал-мәтелдер мен көркемсөз оқу, ісмерлік пен қолөнер шеберліктерін қаншалықты меңгергендерін көрсетіп, сайысқа түседі», делінген хабарламада.

Келіндер сайысын өткізудегі негізгі мақсат - ұлттық тәрбиені жандандыру, ескіні қайта жаңғырту арқылы ежелден мирас қазақ келіндерінің инабаттылығы мен ибалығын барша жұртқа насихаттау. Халқымыздың ертедегі салт-жоралғылары: ата мен енеге сәлем салу, қайын іні мен қайын сіңліге ат қою, үлкеннің атын атамау үрдістерін қайта жаңғырту.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сайыс соңында, барлық қатысушылар бірігіп, қазақтың ұлттық «қара жорға» биін орындамақ. Ал келіндер өнерін ҚР Президенттік мәдениет орталығы ішінен сайланған қазылар алқасы бағалайды.

Соңғы жаңалықтар